2025 жылдың 29 маусымында Алматы облысында «Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған Tau Jarys таулы жарысы мен отбасылық фестивалі төртінші рет өтті. Бедерлі жерлерде жүгіруді ұнататын 15 елден 1500 әуесқой спортшы жарысқа қатысты. 

Таңғы сағат 7-де Алматы облысында «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде Алматының таулары мен трейлраннингтің жанкүйерлері жиналды. 10–14 жас аралығындағы жас қатысушылар 2 км қашықтықтағы балалар жарысына, ал ересектер 6 және 12 км бағыттарындағы қашықтыққа дайындалды. Таудың әсем көрінісі қатысушыларға спорт пен мерекенің ұмытылмас сәттерінен естелік сыйлады.  

«Tau Jarys – отбасы мүшелерімен және достарыңызбен табиғат аясында белсенді демалыс өткізуге мүмкіндік беретін жыл сайынғы мереке. Біздің барлық шараларымыз адамдарды спортқа баулып, жақындарымен бірге жылы естеліктерді жинауға мүмкіндік береді, Tau Jarys та осы мақсатқа қызмет етеді. Қатысушылар алматылық таулардың сұлулығынан ләззат алып, қала күйбеңінен демалып, өз рекордтарын орнату үшін жүгіріп қана қоймайды, сонымен қатар мұндай іс-шаралар жергілікті туризмді дамытуға үлес қосады», – деді «Бірінші болу - батылдық» қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.      

Tau Jarys-қа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Беларусь, Ресей, Армения, Германия, Франция, Италия, Испания, Жаңа Зеландия, Малайзия және Австралия елдерінен келген 1500 адам қатысты.

Almaty Marathon ашық жаттығуларына қатысушы Сымбат Мынбосын A’SU Team командасымен бірге келді: 

«Көңіл күй тамаша! Алғаш рет қатысып тұрмын, бәрі қатты ұнады. Жоспарлағаннан да жақсы нәтижеге жете аламын деп ойлаймын. Барлығына сәттілік тілеймін, ұйымдастыру жоғары деңгейде».

Tau Jarys аясында екі жыл қатарынан скандинавиялық (солтүстік) жүрістен Қазақстанның ашық чемпионаты 5 және 10 км қашықтықтарда өтті. Жеңімпаздар скандинавиялық жүріс бойынша ұлттық құраманың қатарына іріктеледі. 

«Спортпен 10 жылға жуық уақыт бойы тұрақты айналысып келемін. Бүгін осы үлкен спорт мерекесінің атмосферасын сезіну үшін келдім. «Алатау» кешеніне жиі келемін, бірақ мұндай халықты алғаш рет көріп тұрмын, Азия ойындары кезінде де мұнша адам болмаған еді. Алматыда және елімізде бұқаралық спорттық іс-шаралардың осылай танымал болып жатқаны қуантады. Бұл – денсаулық пен жақсы драйв. Мен мұны қолдаймын», — деді 60 жастағы Андрей Породнов.

Алғашқы болып 6 км ересектер қашықтығын ерлер арасында Семей қаласынан Еркебұлан Ахмадиев (00:24:08.80), ал әйелдер арасында Алматыдан Арина Гладышева (00:28:13.10) мәреге жетті. 12 км қашықтықта абсолютті жеңімпаздар ерлер арасында алматылық Рахымжан Келманов (00:46:21.00), әйелдер арасында Украинадан Катерина Васильченко (00:57:11.10) атанды. Әр қашықтықтағы ерлер және әйелдер санаттарында жеңімпаз атанған алғашқы үштікке серіктестер ұсынған мадақтама қағазы, ақшалай сертификаттар және сыйлықтар табысталды.

Almaty Marathon-ның тұрақты қатысушысы Ержан Әбдіқадыров бұл жолы жарысқа балаларымен бірге келді: 

«Tau Jarys-қа төртінші рет қатысып тұрмын. Көңіл күй керемет, отбасыммен бірге келдім. Ортаншы ұлым 2 км қашықтықты жүгіріп өтті. Ауа райы керемет, ыстық болып тұр!», – деді атлет. 

Әр мәреге жеткен қатысушы ерекше медальға ие болды. Фотосуреттер мен нәтижелер almaty-marathon.kz сайтында қолжетімді. 

Айта кетейік, 26 шілдеде Алматыда өтетін Summer Relay эстафетасына тіркелу жалғасуда. Сондай-ақ 28 қыркүйекте таулы Алматы қаласы Орталық Азиядағы ең ауқымды старт – Almaty Marathon қатысушыларын күтеді.

Jañalyqtar
Tau Jarys 2025 Алматы облысында 1500 қатысушыны жинады
Жоғарыда тек аспан: Tau Jarys іс-шарасы мен фестивалі 29 маусымда өтеді
Су-тұз теңгерімі: жазғы жаттығу кезінде суды қандай мөлшерде ішу қажет?