Жарыс кезінде жүгіруден бас тартудың керек екендігін білдіретін 10 белгі

«Alay Pro» жүгіру мектебінің жаттықтырушысы Владимир Борисовпен бірге, жарысқа шықпас бұрын немесе жүгіру барысында денсаулыққа мән беруге тиіс ең маңызды 10 белгіні анықтадық. Әрбір кеңесте ең бастысы — өз денеңізді тыңдай білу.
1. Нашар көңіл-күй және әлсіздік
Кез келген жайсыздық сезімінде, қан қысымы жоғарылағанда, бас ауруы мазалағанда — жарысқа қатыспаңыз. Бұл — ағзаның сізге беріп тұрған белгісі. Оны елемеу ауруханаға дейін апарып соғуы мүмкін.
Кәдімгі жарыс алдындағы қобалжу мен шынайы аурудың айырмашылығын әр адам сезе алады — тек өз ағзаңызды мұқият тыңдаңыз.
2. Жазылмаған жарақат
Емделу үстіндегі жарақатпен жарысқа шығуға қатаң тыйым салынады. Жүгірушілер арасында тізе, сіңір, бұлшықет жарақаттары жиі кездеседі. Жүгіру кезінде шамадан тыс жүктеме бұл жарақаттарды асқындырып, ұзақ мерзімді немесе созылмалы мәселелерге әкелуі мүмкін.
3. Дене қызуының көтерілуі
Қызумен жаттығу жасау немесе жарысқа қатысу — жүрек-қантамыр жүйесі мен басқа да мүшелерге айтарлықтай қауіп төндіреді.
4. Тым тез бастау
Жарыс атмосферасы мен эмоцияға берілген кей жүгірушілер тым тез қарқынмен бастайды. Бұл жүрекке, ішкі мүшелерге шамадан тыс жүктеме түсіреді. Ұзақ қашықтықта барлық қуатты бірден жұмсау — жарыс ортасына қарай ауырсынулар мен әлсіздікке әкеледі.
5. Дайындықтың болмауы
Кез келген жарыс — дайындықты қажет ететін сынақ. Егер сіз жаттықпаған болсаңыз, жарысқа шықпаңыз. Кейбірі марафонға бір ай қалғанда ғана жаттығуды бастайды. Мұндай адамдарда жүрек пен тірек-қимыл жүйесіне байланысты ахуалдар туындауы мүмкін. Қысқа қашықтықты таңдаған жөн, бірақ ұзақ қашықтықтан бас тартқан дұрыс.
6. Ұзақ уақыт бойы ұйқысыздық
Жарыс алдындағы бір күн ұйықтай алмау — аса үлкен мәселе емес. Бірақ бірнеше күн қатарынан ұйқысыз жүру — жүйке жүйесінің әлсіреуіне алып келеді. Мұндай жағдайда жарысты жай қарқынмен жүгіріп өтсеңіз жеткілікті.
7. Тағамнан улану
Жарыс аптасында жаңа тағам түрлерін сынамаңыз. Егер улану орын алса — жарысқа қатыспаңыз. Интоксикация кезінде ағза әлсірейді, сұйықтық пен электролиттер жоғалады. Бар күшті қалпына келуге бағыттаған жөн.
8. Тексерілмеген спорт киімі
Егер жарыс күні өзіңіздің үйреншікті аяқ киіміңіз болмаса, жарысқа шықпас бұрын ойланған жөн. Жаңа аяқ киімді міндетті түрде алдын ала сынап көру керек, әйтпесе жарақат алу немесе аяқта жара пайда болу қаупі жоғары.
Тіпті кейде туфлимен немесе бейімделмеген киіммен шыққан қатысушыларды көреміз. Жүгіруге арналған жабдық — сіздің қауіпсіздігіңіз бен денсаулығыңыздың кепілі.
9. Сергіткіш құралдарды пайдалану
Жарыс алдында энергетиктер ішу — жаман ой. Бұл қан қысымының күрт көтерілуіне, жүрек соғысының жиілеуіне немесе асқазанның түйілуіне себеп болуы мүмкін. Тіпті жарыс күні кофеден де бас тартқан дұрыс.
10. Созылмалы аурулар
Жарыс алдында әр қатысушы денсаулығы туралы қолхатқа қол қояды. Егер ағзаңыздың жағдайына сенімді болмасаңыз, не болмаса сізде созылмалы аурулар мен қарсы көрсетілімдер болса — жарысқа қатыспаңыз.
Жолдан шығу — ұят емес
Егер ағзаңыз жарысты жалғастырмау керек десе, ойланбастан тоқтаңыз. Жарыстар көп болады, ал денсаулық бір-ақ рет беріледі. Бізде «қосалқы» тізе, жүрек жоқ.
Кәсіби спортшылардың өзі кейде жарысты тоқтатады. Мәселен, өткен жылы Париждегі Олимпиадада әйгілі марафоншы Кипчоге жарыстан шықты. Қазақстанда да осындай жағдай болды — республикалық чемпионатта жаттықтырушым өз спортшысын жарыстан алып тастады. Мұндай шешімдер — әлсіздік емес, кәсібиліктің белгісі.
Егер күмәндансаңыз, өзіңізге «Маған бұл не үшін керек?» деген сұрақ қойып, денсаулықты таңдаңыз.